24
час назад

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлік мемлекет қолдауымен қарқынды дамып келеді

Шығыс Қазақстанда шағын және орта бизнестің (ШОБ) экономикаға қатысуының белсенді өсуі байқалуда. Бұл туралы ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлады.

Өткен жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңір экономикасындағы ШОБ үлесі 24%-дан асып, 856 миллиард теңгені құрады. Ал осы жылдың бірінші тоқсанында облыста 59 мың бизнес субъектісі жұмыс істейді, бұл өңірдегі іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар, инвестиция көлемі де артып, 130 миллиард теңгеден асты. Соның нәтижесінде 157 мың адам еңбекпен қамтылды.

Сондай-ақ өткен жылы ШОБ-тың 285 жобасына субсидиялар, гранттар, несиелерге кепілдік беру және инженерлік инфрақұрылым тартуға көмек көрсетілді. Мысалы, 129 жобаға жалпы 1,2 миллиард теңге көлемінде субсидия берілді. Тағы 144 жоба несиелер бойынша кепілдік алды. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне 11 мемлекеттік грант жалпы сомасы 49 миллион теңгеге жуық көлемде берілді.

Бұдан бөлек, өңірде бизнесті жергілікті деңгейде қолдау тетіктері белсенді жұмыс істеуде. Атап айтқанда, «Даму» ҚДҚ» АҚ-мен бірлесіп «Ақ-Ниет» және «Өрлеу» өңірлік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Осы бағдарламалар аясында өткен жылы 312 бизнес жобасы 58 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау тапты.

Өңір үшін стратегиялық басым бағыттардың бірі – ауылдық жерлерде іскерлік белсенділікті дамыту. Бұл бағыттағы негізгі құрал – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, микро кәсіпкерлікті және кооперацияны дамытуға бағытталған. Өткен жылы осы бағдарлама аясында 115 кәсіпкерлік бастама 1,5 миллиард теңгеге қаржыландырылды.

Қаражаттың 70%-дан астамы туризм, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларына бағытталды. Салалар бойынша көшбасшылар: туризм – 46 жоба (805,4 млн теңге), ауыл шаруашылығына жатпайтын қызмет түрлері – 27 жоба (280,6 млн теңге), ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу – 20 жоба (168,7 млн теңге). Сонымен қатар, техника сатып алу, өсімдік шаруашылығы және құс шаруашылығы салаларында 22 жоба іске асырылды. Бағдарлама нәтижесінде 246 тұрақты жұмыс орны құрылды.

ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, осы жылдың 29 сәуіріндегі жағдай бойынша 48 өтінім 882 миллион теңге сомасына мақұлданған. 35 жоба жалпы 624 миллион теңге көлемінде қаржыландырылып, іске асыру кезеңіне өтті.

Биыл бағдарлама аясында 4,5 миллиард теңге көлемінде айтарлықтай қаржыландыру қарастырылған. Бұл қаражат 245 жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік беріп, шамамен 370 қосымша жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.

0
0
0
0
0
0