ШҚО-да жазғы демалыс маусымына дайындық жүріп жатыр: Самар ауданындағы «Балауса-2» лагері 160 балаға дейін кеңейтілуде
Самар ауданындағы Новостройка ауылында «Балауса-2» спорттық-сауықтыру лагерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін лагерь бір маусымда 160 балаға дейін қабылдай алады.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовпен бірге нысанға барып, құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында олар лагерь аумағын, жаңа корпустарды аралап көріп, мердігер ұйыммен жобаны іске асыру мерзімі мен жұмыс сапасын талқылады.
Қазіргі уақытта «Балауса-2» аумағында 120 орынға арналған үш жаңа корпус салынуда, сондай-ақ лагерьдің қолданыстағы екі қабатты ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін лагерь небәрі 40 балаға есептелсе, кейін оның сыйымдылығы 60 орынға дейін ұлғайтылған болатын. Жаңғырту аяқталған соң лагерь мүмкіндігі шамамен төрт есеге артады.
Мердігер ұйым жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. Бүгінде нысанда күн сайын 25 адам жұмыс істеуде.
Сапар барысында Серік Жеңісов лагерь инфрақұрылымын одан әрі дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, лагерь аумағына септик орнату мәселесін пысықтау, аумақты толық қоршаумен қамтамасыз ету, сондай-ақ электр қуатын күшейту және трансформатор орнату мәселесін шешу тапсырылды.
Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде балаларға қолайлы жағдай жасау үшін лагерь аумағында сегіз көлеңкелі шатыр орнату жоспарлануда.
Қауіпсіздік пен санитарлық талаптарды сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Мамандарға лагерьдің кеңеюін ескере отырып, медициналық оқшаулау бөлмесіне қойылатын талаптарды зерделеу және қажетті төсек-орын санын анықтау тапсырылды.
Самар ауданы әкімінің баспасөз қызметі