Тұрғындардың өтініші ескерусіз қалмады: ШҚО әкімі Кожохово ауылына арнайы барды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың жеке қабылдауында болған Глубокое ауданы Кожохово ауылының тұрғындары «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасына шағымданған еді. Сол кезде аймақ басшысы елді мекенге арнайы барып, жағдаймен танысатынын жеткізген болатын. Айтқандай, бүгін әкім Кожохово ауылына табан тіреп, үйлердің әрқайсысын аралап шықты.
Екі пәтерлі төрт тұрғын үй баспана кезегінде тұрған азаматтарға 2024 жылы берілген. Үйлердің құрылысын «Vostok Corporation» ЖШС жүргізді. Тұрғындар шағымынан соң кепілдік міндеттемелер аясында мердігер ұйым мен ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мамандары үйлерге қайта тексеру жүргізіп, соның қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға қажетті жұмыстардың тізбесін белгіледі.
Қазіргі уақытта мердігер ұйым тұрғын үйлерде жылу сақтауды жақсарту мақсатында төбе жабындарын қосымша жылылау жұмыстарын аяқтады. Сонымен қатар тексеру барысында анықталған өзге де кемшіліктер, оның ішінде терезе мен есік конструкцияларының герметикалығына қатысты олқылықтар ретке келтірілді. Мердігер бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.
«Тұрғындар айтқан кемшіліктердің әрқайсысы ретке келтірілуі тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы отбасыларға берілген үйлердің сапасы да дұрыс болуы қажет. Сондықтан жағдайды бақылауға алып, мәселені шешіңіздер», — деді Нұрымбет Сақтағанов.