Самар ауылында 40 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жаңа бастауыш мектеп ашылды
1 қыркүйек — Білім күні Самар ауданының Самар ауылында 150 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Самар ауылында 40 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. Білім беру нысаны облыстық бюджет қаражаты есебінен салынған. Жалпы аумағы шамамен 3,8 мың шаршы метрді құрайтын заманауи екі қабатты ғимарат балалардың жайлы білім алуына арналған.
Мектеп заманауи оқу кабинеттерімен, спорт залымен, кітапханамен және асханамен жабдықталған. Сонымен қатар логопед кабинеті, балаларға арналған шағын орталық және шағын футбол алаңы қарастырылған.
Жаңа оқу жылында Самар ауданында 172 бала бірінші сыныпқа қабылданды. Оның ішінде 14 оқушы Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектепте білім алады.
Салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ринат Құрманбаев, Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов, аудандық білім бөлімінің басшысы Руслана Закирьянова, педагогтер, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Бұл күн мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндер үшін ерекше есте қаларлық болды. Балаларға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, 4-сынып оқушылары бірінші сыныпқа келгендерге сыйлықтар табыстады.
Мерекенің басты сәті — жаңа мектеп ғимаратының салтанатты түрде ашылуы және алғашқы қоңыраудың соғылуы болды. Рәсімнен кейін оқушылар алғашқы сабаққа қатысты. Сабақтың тақырыбы — «Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азаматты, зияткер ұлтты және жауапты қоғамды қалыптастырудың негізі».
Жаңа ғимарат балалардың білім алып, жан-жақты дамуына және алғашқы мектеп жетістіктеріне қол жеткізуіне мүмкіндік беретін заманауи әрі жайлы білім беру кеңістігіне айналады.