12
час назад

Жол сапасы заманауи және нақты нормативтік талаптардан басталады

Фото: АО «НК «КазАвтоЖол»

Жол инфрақұрылымының сапасы жекелеген нысандарды тексерумен ғана шектелмейді. Жолды жобалау, салу, жөндеу және пайдалану кезеңдерінің барлығында сапаны бағалаудың нақты әрі бірізді тәсілдері қажет.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жол құрылысының сапасын бағалау жүйесін қайта қарау және құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы Ұлттық жол активтері сапасының орталығының жұмысын да күшейтуді тапсырды.

JOLSAPA үшін жол сапасын бақылау — негізгі жұмыс бағыттарының бірі.

Орталық мамандары жол-құрылыс материалдарының сапасын зертханалық сынақтар арқылы бағалайды, орындалған жұмыстардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді, технологиялық бұзушылықтар мен ақауларды анықтайды.

2026 жылдың басынан бері жергілікті жолдарда 15 мыңнан астам жол-құрылыс материалының сынамасы зерттелді. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде олардың 32%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Сонымен қатар жыл басынан бері жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау анықталған: оның 214-і жойылып, 1 783-і әлі жойылған жоқ. 

Бұл көрсеткіштер жол сапасын бақылаудың маңызын ғана емес, анықталған сәйкессіздіктерді уақтылы жоюдың және сапаны бағалауда нақты әрі бірізді талаптардың болуының қажеттігін көрсетеді.

Осы тұрғыдан алғанда, нормативтік базаны жетілдіру жол саласындағы жүйелі өзгерістердің маңызды бөлігі болып табылады.

Автожол саласындағы нормативтік-техникалық базаны өзектендіру бағытында Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасы бойынша «ҚаздорНИИ» тиісті жұмыстар жүргізуде.

JOLSAPA өз кезегінде нормативтік талаптарды әзірлеуші орган ретінде емес, жол сапасын бақылау барысында нақты тәжірибеде кездесетін мәселелерді анықтап, саладағы талаптар мен сапаны бағалау тәсілдерін жетілдіру қажеттігін көрсететін кәсіби буын ретінде жұмыс істейді.

Осы мәселе жақында өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» семинар-кеңесінде де талқыланды. Үш күндік іс-шара барысында жолдарды жоспарлау, диагностикалау, жөндеу және жобалау мәселелерімен қатар, жол саласында қолданылатын нормативтік талаптарға да ерекше назар аударылды. 

Талқылау кезінде қолданыстағы нормативтік құжаттардағы талаптардың өзара алшақтығы көтеріліп, оларды кешенді түрде қайта қарау қажеттігі айтылды. Мұндай жұмыс жол жұмыстарын және қолданылатын материалдардың сапасын бағалауда бірыңғай тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сапалы жол тек белгіленген талаптарды орындау емес. Бұл - заманауи талаптар, сапалы материалдар, технологияның сақталуы және жол құрылысының барлық кезеңіндегі тиімді бақылау.

JOLSAPA жол активтерінің сапасын бақылау жүйесін жетілдіру және жол сапасын бағалаудың тиімді әрі бірізді тәсілдерін қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.

0
0
0
0
0
0