ШҚО мамандары қытай медицинасымен танысты
Шығыс Қазақстан облысынан келген делегация ҚХР Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына сапары аясында Алтай аймақтық дәстүрлі қытай медицинасы ауруханасында болды.
Алтай аймақтық дәстүрлі қытай медицинасы ауруханасы — емдеу, шұғыл көмек, оңалту, білім беру және ғылыми зерттеуді біріктіретін үшінші деңгейлі көпсалалы медициналық мекеме.
Аурухана өкілдерінің айтуынша, мекеме СҰАА аумағында клиникалық қазақ медицинасы, дәрілік заттарды әзірлеу және мамандар даярлау саласында жетекші орын алады.
Қазіргі уақытта ауруханада автономиялық ауданның лицензиясы бар 28 түрлі ауруханаішілік өндірістегі дәрілік препарат бар. Сонымен қатар, онда GE компаниясының 64 тілімді компьютерлік томографы, 1,5 Тл магнитті-резонанстық томографы, Philips компаниясының жоғары сапалы ультрадыбыстық зерттеу құрылғылары және Olympus тораколапароскоптары секілді заманауи жабдықтар орнатылған.
Ауруханаға сапар қорытындысы ретінде маусым айында ШҚО дәрігерлері үшін қытайлық мамандардың шеберлік сабағын өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Өскемен қаласында қытай халық медицинасы бойынша бірлескен кәсіпорын құру жоспарлануда.