ШҚО әкімі Премьер-Министрге жаңа жылыту маусымына дайындық туралы баяндады
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өткен жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды. Отырыста Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 2025–2026 жылғы жылыту маусымына өңірдің дайындығы жөнінде баяндады.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 5%-ға төмендеп, 55,6%-ды құрады. Жылу электр станцияларының тозуы 3,8%-ға азайып, 62,2%-ды құрады. Келер жылыту маусымына энергетика және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын дайындау мақсатында облыстық және аудандық штабтар құрылды, жөндеу жұмыстарының егжей-тегжейлі жоспары бекітіліп, оны 15 қыркүйекке дейін орындау кестесі белгіленді. Жөндеу науқаны аясында 10 электр станциясы, 33 орталықтандырылған қазандық, 57,5 км жылу желісі, 537,1 км электр тарату желісі, 39 қосалқы станция, 55 трансформаторлық қосалқы станция және өзге де тіршілікті қамтамасыз ету нысандары жөндеуден өтеді», — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
2025 жылы ШҚО жылумен жабдықтау жүйесін жөндеуге бөлінген қаржы көлемі 22,4 млрд теңгені құрайды.
Халықты және жылу көздерін көмірмен қамтамасыз ету бекітілген кестеге сәйкес, «Қаражыра» АҚ және «ҚТЖ» АҚ-мен келісілген тәртіпте жүзеге асырылады.
Премьер-Министр отырыста әкімдіктерге екі апта ішінде барлық конкурстық рәсімдерді аяқтап, жөндеу жұмыстарын іске асыруға кірісуді тапсырды. Биыл пайдалануға берілетін жаңа жылумен жабдықтау нысандары бойынша іске қосу-реттеу жұмыстары тамыз айынан кешіктірілмей аяқталуы тиіс. Әкімдерге жағдайды жеке бақылауға алып, жылу нысандарына апта сайын барып, туындайтын тәуекелдерге жедел ден қою тапсырылды.
Сондай-ақ, 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарларын нақтылау міндеттелді. Шығыс Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының толық дайындығы 15 қыркүйекке дейін қамтамасыз етілуі керек, ал 1 қыркүйекке дейін жылу көздерінде және теміржол тұйықтарында отын қорын жинақтау жұмыстары аяқталуы тиіс.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі