Риддер қаласында қыркүйек айында жылу жүйесін жөндеу және жаңғырту аяқталады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысына қатысты. Жиын барысында аяқталған жылыту маусымының қорытындылары мен алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері талқыланды.
Өткен жылыту маусымы жалпы тұрақты өтіп, жылумен қамтуда елеулі іркілістер болған жоқ. Технологиялық ақаулар саны 10%-ға азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жылу электр станцияларын жаңғыртуға бөлінген қаржы көлемі 44%-ға, ал жылу желілерін жаңғыртуға бөлінген қаржы 30%-ға жуық артты. Мемлекеттік қолдауды жалғастыру аясында биылғы мамыр айында Астана, Көкшетау, Қызылорда және Риддер қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтік қордан 25 млрд теңге бөлу туралы қаулы қабылданды.
«Үкіметтің қолдауының арқасында 2024 жылы Риддер қаласының жылу жүйесінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жылу электр орталығының тозу деңгейі 46%-ға дейін төмендеді, бұл нысанды ең осал нысандар қатарынан шығаруға мүмкіндік берді. Биыл жұмыстар жалғасады. Екі қазан агрегатын жаңғырту, қосалқы жабдықтарды жаңарту, сондай-ақ 6 км жылу желісін ауыстыру жоспарланған. Бұл шаралар тозу деңгейін қосымша 43%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі берген ақпаратқа сәйкес, станцияны дайындау жұмыстар кестеге сай және ҚР Энергетика министрлігімен келісілген тәртіпте жүргізілуде. Қазан агрегаттары мен жылу желілерінің дайындығын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімін бақылауды жергілікті атқарушы органдар Энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшесімен бірлесіп жүзеге асыруда.