ШҚО-да алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша облыстық штаб құрылып, іс-шаралар жоспары әзірленді
Үлкен Нарын ауылында өткен облыс әкімдігінің көшпелі отырысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өңірдегі өткен жылыту маусымының қорытындылары мен 2025–2026 жылдардағы алдағы маусымға қойылатын міндеттер қаралды.
ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, өңірде жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, 1 мамырда аяқталды. Жылу беру бекітілген температуралық кестелерге сәйкес жүзеге асырылды.
— Алайда, жылыту маусымы барысында 422 технологиялық ақау тіркелді. Оның ішінде: 26 — жылу электр орталықтарында (ЖЭО), 388 — электр желілерінде, 8 — жылу желілерінде. Жылыту маусымы басталған сәттен бастап жылумен қамту жүйесінің жұмысын тұрақты бақылау қамтамасыз етіліп, коммуналдық қызметтердің жедел әрекеттерінің арқасында ақаулар қысқа мерзімде жойылды, — деді ол.
Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде облыстық штаб құрылып, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын дайындау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған үш ЖЭО, 33 аудандық және 201 автономды қазандық (бюджеттік мекемелерге тиесілі), 1017 км жылу желілері, 537 км электр беру желілері және 3023 көпқабатты тұрғын үй кіреді. Өскемен қаласындағы екі ЖЭО-да жөндеу жұмыстары басталып кетті. Риддер қаласында ҚР Үкіметінің және облыстық бюджеттің резерві есебінен жылу электр орталығының қазандығын және қосалқы жабдықтарын күрделі жөндеу, сондай-ақ жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Глубокое кентінде аудандық қазандық жөнделеді. Сонымен қатар, елдімекен ішіндегі жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. Алтай қаласында қазандықтың қосалқы жабдықтарын және жылу желілерін ағымдағы жөндеу басталды. Сонымен бірге, Новая Бухтарма кентіндегі магистральдық жылу желілерін жаңғырту жобасы жалғасуда. Күршім ауылында екі қазандық пен жылу желілерін жаңғырту жүріп жатыр. Қасым Қайсенов кентінде аудандық қазандық пен қазан жабдықтарын жөндеу жоспарланған. Шемонаиха қаласы мен Усть-Таловка кентінде де қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жылыту маусымына қажетті көмір көлемі — 3 087 мың тонна. ШҚО-дағы халық пен жылу көздерін көмірмен уақтылы қамтамасыз ету мақсатында «Қаражыра» АҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен келісілген көмір жеткізу және жартылай вагондармен қамту кестесі әзірленді. Облыс әкімі алдағы жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтауды, сондай-ақ көмір жеткізілуін күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды.