70
5 июня 2025

Мәлік Отарбаев: «Адами капитал – ұлттық бірегейлікті нығайтудың берік іргетасы»

Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Шығыс Қазақстан облысының мәдениет, спорт және білім беру салаларының өкілдерімен кездесуі Өскемен қаласында өтті.

Кездесу барысында өңірдің білім беру мекемелерінің өкілдері Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінде көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтті. Қатысушылар Президент бастамаларының өңірлік деңгейде де кең қолдау тауып отырғанын және бұл мәселелердің олардың кәсіби қызметімен өзара үндесіп жатқанын жеткізді.

Шығыс Қазақстан педагогтері инклюзивті тәсілді кеңейту қажеттігін және бұл бағыттағы жұмысты тек балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен бірлесе жүргізудің маңыздылығын баса айтты. Сонымен қатар, «Қазақстан балалары» бағдарламасы кең қолдау тауып, бұл бастама жүйелі жұмыстың өзегіне айналуы тиіс деген пікір білдірілді.

«Прогрессивті ұрпақты тәрбиелеу үшін білім мен тәрбие бір арнада тоғысуы қажет» деп атап өтті кездесуге қатысушылар.

Ашық диалог барысында мәдениет саласының өкілдері креативті индустрияны дамыту қажеттілігіне назар аударды. Бұл бағыттың маңыздылығы тек өңірлік деңгейде ғана емес, жалпыұлттық ауқымда артып келе жатқанын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев ШҚО Креативті индустрия орталығының қызметі туралы және оны кеңейту бағытындағы жоспарлар жөнінде баяндады.

– Аз уақыт ішінде орталыққа деген қызығушылық арта түсті. Қазіргі уақытта жаңа ғимарат іздестіру немесе құрылысын бастау мүмкіндігі қарастырылуда. Орталық өз әлеуетіне сай кеңістікті қажет етеді, – деп атап өтті Ербол Жолдаспекұлы.

Президент Кеңесшісі Мәлік Отарбаев өз сөзінде мәдениеттің мәні тек ғимараттар мен мекемелерде емес, ол – ұлттық бірегейлікті нығайтудың берік іргетасы екенін ерекше атап өтті.

– Ұлттық құрылтай құрамына өзгерістер енгізіліп, түрлі форматтағы мәселелер күн тәртібіне шығарылып жатыр. Алайда басты мәселе – идеологиялық тәрбие. Мемлекеттің ең сенімді инвестициясы – бұл адам капиталы, – деп атап өтті Мәлік Отарбаев.

Сондай-ақ, Президент Кеңесшісі өз сөзінде қазіргі кезеңдегі жаһандық сын-қатерлерге ерекше назар аударды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «әлем өзгеруде, біз тарихи таңдау кезеңінде тұрмыз». Бүгінгі міндет – мемлекетті дамытудың жаңа кезеңіне берік негіз қалау. Бұл ел тағдыры мен ұлттың болашағына тікелей әсер ететін шешім, – деді Мәлік Отарбаев.

Кездесу қорытындысы бойынша қоғамның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу өтті, сондай-ақ мәдениет, спорт және білім беру салаларының өкілдері бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

0
0
0
0
0
0