Малик Отарбаев: «Ең маңызды миссия — ұлтты біріктіру»
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Малик Отарбаев қоғамды біріктіру, жастарды тәрбиелеу және ұлттық идеологияны ілгерілету ісіндегі дін қызметкерлерінің рөлін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Малик Отарбаев «Халифа Алтай» облыстық мешіті мен Ислам мәдениеті музейіне барып, өңірдің имамдары және теологтарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында руханияттың ұлттық бірегейлікті нығайтудағы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі және деструктивті идеологияларға қарсы іс-қимылдағы рөлі талқыланды.
— Президент бірнеше рет дін қызметкерлерінің идеологиялық және тәрбиелік жұмыстағы маңызды рөлін атап өткен болатын. Сіздердің қызметтеріңіз мұғалімдер мен оқытушылардың еңбегінен бөлек болғанымен, ол да сондай маңызды, — деді Малик Отарбаев.
Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Думан Сайфулла Президенттің кеңесшісімен кездесу өңірдегі өзекті мәселелерді талқылаудың маңызды алаңы болғанын айтты. Дін қызметкерлері өңірде, әсіресе жастар арасында дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалының күшейгеніне алаңдаушылық білдірді.
— Қазақстанда діни сенім бостандығына кепілдік берілген, бірақ бұл ретте тәртіпсіздік пен еркіндік шектен шықпауы тиіс. Біздің мәдениетімізге жат деструктивті ағымдарға тосқауыл қою қажет. Діннің ең маңызды миссиясы — ұлтты біріктіру, — деді Президенттің кеңесшісі.
Ол қоғамның, әсіресе түрлі ықпалдарға ұшыраған жастардың идеологиялық иммунитетін қалыптастыруда руханиятпен тығыз ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Президент кеңесшісі Мемлекет басшысының сөздерін мысалға келтірді: «Ілгері ұрпақты өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі тиіс. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың ең қауіпті дұшпаны».
— Сіздер тек жастарды ғана емес, бүкіл ұлтты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарып отырсыздар, — деді Малик Отарбаев.
Ол патриоттық және жасампаз ұрпақты қалыптастыруда руханияттың маңызы зор екенін атап өтті.
Кездесу қатысушылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4-ші Ұлттық құрылтайда ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының құндылықтарын ерекше атап өтті. Өңірдің дін қызметкерлері ел игілігі үшін жасампаз еңбекке дайын, жоғары моральдық қасиеттерге ие азаматтарды тәрбиелеудің қажеттігін айтты.
Сапар барысында ұлттық бірегейлікті нығайтуға, төл мәдениет пен дәстүрлерді дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға айрықша көңіл бөлінді.
— Біздің бірегейлігімізді, өмір салтымызды көрсететін рәміздердің маңызы зор, — деп атап өтті ол.
Шығыс Қазақстанның дін өкілдері Мемлекет басшысы көтерген бастамаларға халықтың оң көзқарасын атап өтіп, ұлттық киімді насихаттау идеясын мысалға келтірді. Имамдардың айтуынша, Ұлттық киім күні қоғамда, әсіресе жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Нәтижесінде елде жаңа тігін цехтары, брендтер мен дүкендер ашылып, ұлттық стиль мектептерде, университеттерде, театрларда, тіпті корпоративтік ортада да жиі кездесетін болды.
Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп күнделікті әдетке айналуда. Бұл жақсы үрдіс, себебі ұлттық киім сәнді әрі жарасымды, әсіресе біздің жастарымызға ерекше жарасады. Ол этникалық бірегейлікті айқын көрсетеді, сондықтан оны жан-жақты насихаттау маңызды, – деді дін қызметкерлері.
Малик Отарбаев деструктивті ағымдарға қарсы күресте, қоғам санасын улайтын және моральдық құндылықтарды бұзатын ықпалдарға қарсы тұруда, ең алдымен, дін қызметкерлері алдыңғы шепте тұрғанын ерекше атап өтті.
— Идеология — ұлттық бірегейлікті және мемлекеттілікті нығайтудың аса маңызды факторы, — деді Президенттің кеңесшісі.
Кездесу соңында дін қызметкерлері өзекті мәселелерді талқылап, ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар барлық айтылған бағыттар бойынша жүйелі жұмыс облыстық және республикалық деңгейде жүргізілуі тиіс деген ортақ пікірге келді.