ШҚО-да биыл 16 әлеуметтік нысанды аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаев мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған нысандар өңір үшін басым жобалар қатарына жатады. Сонымен қатар облыста қосымша тағы төрт әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ.
Биыл аяқтау жоспарланған негізгі 16 жобаның қатарында Риддер қаласындағы 600 орындық орта мектеп бар. Қазіргі таңда нысанның дайындығы 50%-ды құрайды. Мектепті шілде айында пайдалануға беру жоспарланған.
Тағы бір маңызды нысан - Өскемендегі Гематология орталығы. Оның дайындығы 97%-ға жеткен. Нысанды аяқтау осы жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Сондай-ақ Өскемендегі облыстық Онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусының 1–3 қабаттарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жобаның дайындығы 80%. Аяқталуы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Өңірдегі маңызды жобалардың бірі - облыстық Ана мен бала орталығы стационары ғимаратын қайта жаңғырту. Қазіргі дайындық деңгейі 70%. Нысанды 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделген.
Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір жоба - ШҚО ауруханасы ғимаратының бір бөлігін жансақтау бөліміне бейімдеу жұмыстары. Нысан 100% дайын. Қазіргі уақытта баланс ұстаушыға өткізу кезеңінде.
Сонымен қатар Өскеменде 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Оның дайындығы әзірге 10%. Жобаны 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.
Алтай ауданы ауданаралық ауруханасы аумағында магниттік-резонанстық томография орналастырылатын ғимараттың құрылысы 97%-ға аяқталған. Толық аяқталуы 2026 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Зайсан ауданындағы Қаратал ауылында күніне 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы 89%-ға аяқталған. Нысанды толық аяқтау 2026 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Спорт нысандары да басым жобалар қатарында. Марқакөл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің дайындығы 64%. Нысанды осы жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Үлкен Нарын ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің дайындығы 35%-ды құрайды. Аяқталуы 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені 98%-ға дайын. Жобаны биылғы төртінші тоқсанда аяқтау көзделуде.
Өскеменде волейбол орталығының құрылысы да жалғасуда. Нысанның дайындығы 20%. Пайдалануға беру 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Өңірдегі мәдениет саласындағы басым жобалардың бірі - Серебрянск қаласындағы №150 корпусты көпфункционалды кешенге қайта жаңғырту. Қазіргі таңда жоба 56%-ға орындалған. Толық аяқталуы 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Басым жобалар қатарында тағы төрт маңызды нысан бар. Жаңа Бұқтырмадағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіш аумағын абаттандыру жұмыстары 70%-ға аяқталған. Жобаны 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңа Бұқтырма кентіндегі кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары 56%-ға орындалған. Аяқталуы осы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Өскемендегі Спорт, Нұрлы жол және 19 тұрғын ауданындағы 4-квартал шағынаудандарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасының дайындығы 70%-ды құрайды. Жобаны 2027 жылы аяқтау көзделген.
Ал Риддердің 5-шағынауданындағы 600 орындық мектепке тартылатын сыртқы инженерлік желілер, автотұрақтар мен жолдардың дайындығы әзірге 20% ғана. ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, толық қаржыландыру болған жағдайда жобаны 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған.