Алтай ауданында кёрлинг спорты қарқынды дамып келеді
ШҚО әкімі Алтай ауданына жасаған жұмыс сапарында бірқатар нысанды аралады.
Әуелі Лермонтов көшесінде орналасқан көпқабатты үйге барды. 1975 жылы салынған ғимараттағы 41 пәтерде адамдар тұрып жатыр, ал 17 пәтер бос тұр. Аймақ басшысы бұл пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.
Одан соң әкім 2009 жылы ашылған «Никольск-1» ЖШС жұмысымен танысты. Кәсіорын өсімдік және мал шаруашылықтарымен айналысады. 20 мың гектардан астам жері бар компанияда 15 адам жұмыспен қамтылған. Минералды тыңайтқыштарға, пестицидтерге, тұқымға мемлекеттен субсидия алады.
Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов Алтай қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Мұнда 600-ден астам бала мен жасөспірім түрлі спорт түрімен айналысады. Оларға тиісті жағдай жасалған. Хоккей модулінде кёрлинг жаттығуларына келетіндер қарасы қалың. Олардың арасында нәтиже көрсетіп жатқандар да аз емес. Мәселен, Ангелина Пеняева Қазақстан құрамасы сапында кёрлингтен өткен «Pan Continental Curling Championship» халықаралық турнирінде күміс медаль жеңіп алды. Додa 2025 жылдың 19-26 қазаны аралығында АҚШ-тың Миннесота штатына қарасты Эвлет қаласында болған. Ангелина бұл спорт түрімен 2020 жылдан бері айналысып келеді.
Облыс әкімі жас спортшыларға сәттілік тілеп, дүбірлі додаларда әркез елдің, облыстың атын шығара беретіндіктеріне сенетінін жеткізді.
Бұдан бөлек, Нұрымбет Сақтағанов дүкендердегі азық-түлік бағасын бақылап, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны бекітілген шектен аспауы тиістігін ескертті.