Бизнестің цифрлық қауіпсіздігі: ШҚО-да полицияның қатысуымен бизнес-форум өтті
Өскемен қаласында «Атмосфера» бизнес-қоғамдастығының ұйымдастыруымен кәсіпкерлерге арналған офлайн форматтағы форум өтті. Іс-шара кәсіпкерлер арасында өзара пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және қазіргі заманғы бизнеске тән өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған тиімді алаң болды.
Форум ашық алаңда ұйымдастырылып, оған Шығыс Қазақстан облысымен қатар Астана және Семей қалаларынан келген 400-ге жуық кәсіпкер қатысты. Қатысушылар бизнесті дамыту, заманауи сын-қатерлер мен тәуекелдер мәселелерін көтеріп, қауіптердің цифрлық кеңістікке ауысу үрдісіне ерекше назар аударды.
Іс-шара аясында киберқауіпсіздік мәселелеріне жеке блок арналды. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің киберполиция қызметкерлері кәсіпкерлік қызмет барысында жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың өзекті түрлеріне тоқталып, алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Полиция капитаны Нұрай Арыстанбек фишинг, жалған интернет-ресурстар, онлайн-төлемдерге қатысты алаяқтық, сондай-ақ іскерлік хат-хабарларды заңсыз бұзу сияқты кең таралған қылмыстық схемалар бойынша тәжірибелік ақпарат ұсынды. Сонымен қатар қауіп-қатерді ерте анықтау және құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу жолдары түсіндірілді.
Тақырыптың өзектілігі статистикалық деректермен де расталады. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының аумағында 1 400-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген, оның ішінде 50-ден астамы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты. Бұл деректер цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүгінгі күні бизнестің тұрақты қызметінің маңызды құрамдас бөлігі екенін көрсетеді.