9
14 декабря 2025

ШҚО-да Прибрежный кенті демалушыларды біртіндеп өзіне тартуда

Прибрежный ауылдық округінің құрамына Прибрежный кентінің өзі және Заводинка ауылы кіреді. Прибрежный кенті бүгінде белсенді даму үстінде деп айту қиын: мұнда ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер жоқ. Бірақ аумақ туристік әлеуетке ие және біртіндеп демалушылардың қызығушылығын оятуда.

– Прибрежный кентінде 514 адам, Заводинка ауылында 65 адам тұрады, – деді Прибрежный кентінің әкімі Владимир Молотков. – Прибрежныйда қонақ үй мен екі демалыс базасы жұмыс істейді. Заводинкада табиғаты және жайлылығымен қонақтарды өзіне тартатын екі танымал демалыс базасы орналасқан. Олар бірін-бірі толықтырып, жыл бойы туристер ағынын қамтамасыз етеді. Прибрежный кентінде қонақ үй және балаларға арналған маусымдық ойын-сауық (пейнтбол, лазертаг, квесттер), спорттық ойын-сауық кешені (шаңғы, коньки, атпен серуендеу, жабық бассейн, монша және басқа да қызметтер) жұмыс істейді.

Әкім кенттің күрделі қиындықтарға тап болатынын да жасырмайды. Олардың ең бастысы – су құбыры желілерінің тозуы 85 пайызды құрайтыны. Желілер жыл сайын жөнделіп отырады. Ағымдағы жылы жөндеудің кезекті кезеңі аяқталды: ұзындығы 800 метр болатын жаңа магистральдық желі төселіп, үш құдық орнатылды. Төрт электрлі ортадан тепкіш тереңнен су көтеруге арналған сорғыны сатып алу бойынша келісімшарттар жасалған.

– Бірінші қабатында пошта бөлімшесі, медициналық пункт, кітапхана, балаларға арналған шағын орталық және мектеп сыныптары орналасқан әкімдік ғимаратының шатыры жөнделді, – деп атап өтті Владимир Григорьевич. – Сонымен қатар биыл көшелерді жарықтандыру жүйесі ағымдағы жөндеуден өткізілді. Қыркүйек айында «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоқыс шығарылып, қоқыс полигонында үймелеу жұмыстары жасалды.

Бұл жұмыстарға жолдарды жазғы және қысқы күтіп ұстауды, басқа да міндетті шығыстарды есепке алмағанда, барлығы 31 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осы ретте кенттің бюджетінде өз кірістері жоқтың қасы және іс жүзінде әрбір шығыс бабы аудандық бюджет есебінен қаржыландырылатынын айта кету керек.

Владимир Молотков қызметіне 2025 жылдың 1 маусымында кірісті. Оған аудан әкімінен түскен алғашқы тапсырмалардың бірі – жергілікті бюджет кірісін арттыруды қамтамасыз ету болды. 1 қарашадағы жағдай бойынша өсім 149 пайызды құрады.

– Бұл көлік салығы бойынша түсімдердің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді, – деп түсіндірді әкім. – Тұрғындар жаңа көлік сатып алды, осыған сәйкес салық төлемдері де өсті.

0
0
0
0
0
0