Шығыс Қазақстандағы Самар жағалауына Қытайдан келген туроператорлар жұмыс сапарымен келді
Сапар барысында олар өңірдің туристік әлеуетімен танысып, жергілікті билік өкілдерімен әріптестік бағыттары мен алдағы бірлескен жобаларды талқылады.
Қытайлық мамандардың бағалауынша, Самар ауданының географиялық орналасуы тиімді әрі туризмді дамытуға мүмкіндігі жоғары. Қонақтар демалыс орындары жоспарланған аумақтарды аралап, туристік үйлер мен инфрақұрылыммен танысты. Әсіресе табиғаты көркем жағалау мен қолайлы жұмсақ климат болашақ туристік бағыттар үшін тартымды екені атап өтілді.
— Біз жағалаудағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытып, туристерді жайлы әрі қауіпсіз қабылдауға барлық жағдайды жасап жатырмыз. Бүгінде бұл өңір Ресей азаматтары арасында сұранысқа ие, ал енді Қытайдан келетін қонақтарды да қарсы алуға дайынбыз, — деді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов.
Жақын уақытта жағалауда инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, ұялы байланыс пен интернет желісі іске қосылып, Самар – Миролюбовка бағытындағы автожолды жөндеу жалғасады.
Қытай делегациясының өкілдері сапар қорытындысын жоғары бағалап, ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты. Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, алдағы туристік маусымнан бастап Қытай азаматтары үшін Самар ауданына туристік сапарлар ұйымдастыру жоспарлануда.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының делегациясы облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтың жетекшілігімен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Үрімжі қаласына барып, бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдарға, оның ішінде туризм саласы бойынша келісімдерге қол қойған болатын.