WorldSkills Shygys-2026 өңірлік чемпионаты басталды
2026 жылғы 18 мамырда Шығыс Қазақстан облысының колледж студенттерін біріктірген өңірлік кәсіби шеберлік чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған чемпионат техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады және өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрғалиев Ербол Жолдаспекұлы қатысты. Өз сөзінде ол ел экономикасының тұрақты дамуы үшін жоғары білікті мамандардың маңызы ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай чемпионаттардың жастардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға, олардың шығармашылық және тәжірибелік әлеуетін ашуға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға үлкен үлес қосатынын жеткізді.
2026 жылғы 18–22 мамыр аралығында өңірдің колледждерінен келген студенттер түрлі құзыреттіліктер бойынша өз білімдері мен кәсіби шеберліктерін көрсетеді. Байқау кезеңдері Құзыреттілік орталықтары мен Өскемен қаласының жетекші колледждерінің базасында өтеді. Қатысушылар үшін бұл тек өз мүмкіндіктерін көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасып, кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік беретін маңызды кезең болмақ.
Конкурстық жұмыстарды аймақтың білікті сарапшылары — білім беру ұйымдарының өкілдері, өндіріс мамандары және кәсіби қауымдастық мүшелері бағалайды. Бұл бағалау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етеді.
Өңірлік чемпионат дарынды жастарды қолдауға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды алаң болып табылады.