17
2 часа назад

Алтай ауданының тұрғындарына жаңа технологиялар мен жасанды интеллект көмектесуде

Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданында жасанды интеллект пен заманауи технологияларды белсенді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Цифрлық жаңашылдықтар елді мекендерді тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы етуге көмектесіп жатыр.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, Алтай қаласында бейнебақылау жүйелері мен жол қозғалысын интеллектуалды басқару технологияларын қолдана отырып, «ақылды қала» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

— Қазіргі таңда жедел бейнебақылау жүйесінде 294 камера жұмыс істейді. Оның 17-сі «Мерген» кешеніне жатады. Бұл қоғамдық орындарды тәулік бойы бақылап, құқықбұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, — деді аудан әкімдігінде.

Сонымен қатар, халыққа мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыру басым бағыттардың бірі екені айтылды. Қазір мемлекеттік қызметтерді смартфондағы қосымша арқылы алуға болады. Бұдан бөлек, қала және ауылдық округ әкімдері аппараттарының 15-інде тұрғындарға арналған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істейді. Жылдың бірінші тоқсанында мамандардың сүйемелдеуімен бұл бұрыштар арқылы тұрғындарға 417 қызмет көрсетілген.

— Сондай-ақ аудан әкімімен байланысты жеңілдету мақсатында Алтай қаласының орталығында арнайы QR-код орнатылды. Сол арқылы тұрғындар жұмыс мессенджері арқылы аудан әкіміне тікелей сұрақ қоя алады. Өткен жылы QR-код арқылы 117 өтініш түскен болса, биылдың өзінде 53 өтініш келіп түсті. Яғни енді әкімнің қабылдауына алдын ала жазылудың қажеті жоқ, — деп түсіндірді әкімдікте.

Әкімдік өкілдері мұндай жасанды интеллект технологиялары білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде де белсенді қолданылып жатқанын атап өтті.

0
0
0
0
0
0