Өскеменде ағайынды сарбаздар сайлауға бірге келді
Ұлттық ұландағы қызмет – ағайынды Алдияр мен Әлішер Әбдіғалиевтер үшін бірлесіп атқарған жалғыз іс емес. Әскери қызметшілер өмірлерінде тұңғыш рет Құрылтай сайлауына қатысты, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.
Ағайындылар Семейде дүниеге келген. Олар бірге өсті, бір мектепте оқыды, содан кейін бір колледжге түсіп, аспаз мамандығын игерді. Әскерге де Алдияр мен Әлішер бірге аттанды. Қазір олар Өскемен қаласындағы «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің бір бөлімшесінде мерзімді қызмет атқаруда.
Дауыс беру күні әскери қызметшілер тікелей бөлім аумағында жабдықталған сайлау учаскесіне келді. Алдиярдың айтуынша, олар маңызды мәселелерді бірге талқылауға үйренген, сондықтан дауыс беру алдында да өзара пікір алмасты.
— Бүгінгі саяси науқан елдің болашағы үшін маңызды, сондықтан біз азаматтық таңдауымызды жасауды қажет деп санаймыз, — деді сарбаз. — Өмірімізде тұңғыш рет сайлауға қатыстық. Бұл біз үшін ерекше толқынысқа толы сәт болды, өйткені біз қазір Өскеменде әскери борышымызды атқарып жатырмыз.
5518 әскери бөлімінде сайлауда барлығы 300-ге жуық сарбаз дауыс берді. «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығында алты сайлау учаскесі ашылды. Дауыс беру мүмкіндігін тек мерзімді әскери қызмет сарбаздары ғана емес, офицерлер мен сержанттар да пайдаланды.
Учаскелердің бірінде «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев те дауыс берді.
Мира Круль
Фотоны «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің баспасөз қызметі ұсынды