90
11 часов назад

Amanzholov University-де Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) өкілдерімен ресми кездесу өтті

МАГАТЭ-нің Ядролық энергетика департаментінің Ядролық білімді басқару бөлімінің маманы Елена Живицкая, STAR-NET қауымдастығының вице-президенті, МАГАТЭ Халықаралық орталығының маманы Андрей Тимошенко және Ресейдегі Ұлттық ядролық зерттеу университеті МИФИ-дің «Ядролық реакторлардың теориялық және эксперименттік физикасы» кафедрасының орынбасары Юрий Волков аймақтың ірі жоғары оқу орнына келіп, Amanzholov University-дің ғылыми-зерттеу қызметімен және атом саласы үшін мамандар даярлау жүйесімен танысты. Бұл жүйе аталған университетте 15 жылға жуық уақыттан бері табысты жүзеге асырылып келеді.

— Қазақстан жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Бұл жолда атом энергетикасы үшін білікті кадрлар даярлау шешуші рөл атқарады. 2011 жылдан бастап Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ядролық физика және атом энергетикасы» білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған. Біздің студенттер ядролық реакторларда, ЯМР-спектрометрде, рентген құрылғыларында жұмыс істеуге, халықаралық тағылымдамаларға, стартап-жобаларға қатысуға, сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында Литва, Польша, Түркия, Ресей, Франция елдерінде оқуға мүмкіндік алады. Ядролық саладағы заманауи инженерлік және ғылыми білім беру кең халықаралық ынтымақтастықсыз және жаһандық білім беру экожүйесіне кіріктірмей мүмкін емес деп санаймыз, — деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

МАГАТЭ сарапшысы Елена Живицкая халықаралық агенттік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ашық, сондай-ақ мұндай бастамаларды үлкен ықыласпен қолдайтынын атап өтті.

— Қазақстанда АЭС салу туралы жуырдағы шешім елдің тұрақты дамуына серпін беретіні сөзсіз. Бұл бағыттағы Қазақстанның күш-жігерін МАГАТЭ қолдайды. Білім беру және кадр даярлау мәселесіне келсек, біздің ұйым Ядролық білім беру бойынша кешенді консультациялық қызметтер – Integrated Nuclear Education Advisory Services ұсынады. Бұл қызметтер ұлттық және университеттік бағдарламаларды қамтиды. Осылайша біз Қазақстанның жоғары оқу орындарына ядролық білім беру жүйесін оңтайландыру және жетілдіру арқылы оның тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектесеміз, — деді Елена Живицкая.

Оның айтуынша, Қазақстанда алғашқы АЭС іске қосылған кезде кем дегенде 2000 дипломы бар, осы бағытта оқыған маман қажет болады. Бұл Amanzholov University түлектері үшін жұмысқа орналасудың жақсы мүмкіндігі. Кездесу барысында қонақтарға С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың ғылыми-зерттеу зертханалары мен орталықтары таныстырылып, ондағы инновациялық авторлық жобалар көрсетілді.

Кездесу соңында МАГАТЭ өкілдері «Ядролық физика және атом энергетикасы саласындағы білім беру бағдарламаларын дамытудың заманауи сын-тегеуріндері мен келешегі: халықаралық тәжірибе және жергілікті іске асыру» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.

Шараға сондай-ақ ҚР ҰЯО бас ғылыми қызметкері, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың физика және технология кафедрасының профессоры Мәжін Сқақов, ҚР ЭМ Ядролық физика институтының ионды-плазмалық технологиялар зертханасының меңгерушісі Елдар Жақанбаев, ҚР Ұлттық ядролық орталығының «Атом энергиясы институты» филиалының ғылыми хатшысы Людмила Ерыгина және басқа да мамандар қатысты. Университет профессорлары «Ядролық физика және атом энергетикасы» білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын жетілдіру, қос дипломды білім беру және STAR-NET желісі аясындағы халықаралық әріптестік туралы баяндады.

Айта кетейік, МАГАТЭ БҰҰ шешімімен 1957 жылы құрылған халықаралық атом энергиясы агенттігі. Штаб-пәтері Австрияның Вена қаласында орналасқан. Агенттіктің негізгі қызметі атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді ынталандыру, сондай-ақ денсаулық пен қауіпсіздік саласындағы нормаларды әзірлеу және бейімдеу.

0
0
0
0
0
0